2026 жылғы 30 сәуірде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының өкілдері Ақмола облысы Тайтөбе ауылында өткен «Ер есімі – ел есінде» атты жыл сайынғы еске алу акциясына қатысты. Іс-шара Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлігін ұлықтауға және жас ұрпақтың бойында патриоттық рух қалыптастыруға бағытталды.
Іс-шараның негізгі бөлігі осы өңірдің тумасы, Жеңістің алғашқы туын тіккен батырлардың бірі – Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі болды.
Бұдан 81 жыл бұрын, 1945 жылғы 30 сәуірде сағат 14:25-те лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қызыләскер Григорий Булатов Берлиндегі Рейхстаг ғимаратының қасбетіне алғаш болып Жеңіс туын тікті. Олар үздіксіз оқ астында шамамен 350 метр қашықтықты жеті сағаттан астам уақытта еңсеріп, тарихта қалған ерлік жасады. Кейін тарихи әділдік орнап, 1999 жылы Қошқарбаевқа қайтыс болғаннан кейін «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Акцияға мемлекеттік органдардың өкілдері, ардагерлер, педагогтер, жастар және қоғам қайраткерлері қатысты. Академия мұндай бастамаларды дәстүрлі түрде қолдап, болашақ құқық қорғау қызметкерлерінің бойында жауапкершілік, азаматтық парыз және ата-баба ерлігіне құрмет сезімін қалыптастыруға үлес қосып келеді.
Аталған акция тек тағзым ету ғана емес, ұрпақтар сабақтастығының символына айналып, батырлар есімінің ұлттық бірегейліктің ажырамас бөлігі екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 555-25-15
Email: 7340114@prokuror.gov.kz



