Прокуратура органдарының ведомстволық білім мен ғылымды дамыту мәселелері жөніндегі жедел кеңес туралы

2026 жылғы 27 сәуірде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Асхат Жұмағалидің қатысуымен «Прокуратура органдарының ведомстволық білімі мен ғылымының жай-күйі туралы» тақырыбында кеңейтілген жедел кеңес өтті.

Сонымен қатар кеңес жұмысына Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар бейнеконференцбайланыс режимінде қатысты.

Биылғы жыл Қазақстан Республикасының Президенті Құқық қорғау органдарының ведомстволық білім беру сапасын арттыру жылы болып жарияланды, бұл кадрлар даярлау жүйесін дамытуға және прокуратура органдарының қызметін ғылыми сүйемелдеуге ерекше мән береді.

Кеңесте Президент Әкімшілігі бекіткен Құқық қорғау органдарының ведомстволық білім беру жүйесін дамытудың 2026-2028 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын іске асыру тәртібі қаралды.

Талқылау барысында кадрларды даярлаудың тұтас моделін қалыптастырудың жүйелі тәсілдері әзірленді және ведомстволық білім мен ғылымды дамыту бойынша басым шаралар айқындалды.

Қызметтің барлық кезеңдерінде – алғашқы даярлықтан бастап басшылық лауазымдарға ұсынуға дейінгі кәсіби құзыреттіліктердің үздіксіз дамуын қамтамасыз ететін оқытудың заманауи тәжірибеге бағдарланған моделінің бағдарламасы ұсынылған.

Жас қызметкерлерді бейімдеу және тәлімгерлік ету, сондай-ақ қызметкерлер өз функцияларын өзгерткен кезде міндетті кәсіби қайта даярлауды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Ведомстволық ғылымды дамыту жеке бағыт болып белгіленді. Негізгі вектор құқық қорғау практикасының өзекті міндеттерін шешуге бағытталған ғылыми зерттеулердің қолданбалы сипатын күшейту болып айқындалды.

Ғылыми әзірлемелердің тәжірибелік маңыздылығы мен сұранысын қамтамасыз ету, сондай-ақ прокуратура органдарының қызметіне интеграциялау қажеттілігі атап өтілді.

Кездесуге қатысушылар ведомстволық білім және ғылым жүйесін одан әрі дамытуға бағытталған кешенді бастамаларды жүзеге асыруға ниетті екендіктерін растады.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон:
+7 (778) 555-25-15
Email:
7340114@prokuror.gov.kz