Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде ғылыми зерттеу нәтижелерінің таныстырылымы туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде «Қайталама қылмыстылықтың детерминанттары және олардың алдын алу» тақырыбындағы қолданбалы ғылыми зерттеу нәтижелерінің таныстырылымы өтті. Іс-шара құқық қорғау органдарында ведомстволық білім беру сапасын арттыру жылы аясында және «Заң мен тәртіп – тұрақтылық пен прогрестің негізі» идеологемасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды.

Зерттеу Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының Ведомствоаралық ғылыми-зерттеу институтының авторлық ұжымымен ҚАЖК қызметкерлерін, сондай-ақ ғалымдарды, психологтарды, әлеуметтанушыларды және адвокатура өкілдерін тарта отырып орындалды.

Аталған зерттеу аясында 2025 жылғы 27 маусымда авторлық ұжым Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, мүдделі мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, сондай-ақ ғылыми қауымдастық өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырып, өткізді. Ұсынылған ұсынымдар зерттеуді жетілдіру барысында ескерілді.

Жұмыс қорытындысы бойынша ғылыми еңбек Академияның Оқу-әдістемелік кеңесі тарапынан мақұлданып, халықаралық ISBN нөмірін алды.

Таныстырылымға ҚАЖК-нің басшылығы мен бейінді бөлімшелерінің қызметкерлері, оның ішінде тәрбие, әлеуметтік-психологиялық жұмыс және пробация қызметтеріне жауапты құрылымдар қатысты.

Зерттеу рецидивтік қылмыстылық факторларын терең талдағаны және оның алдын алуға бағытталған практикалық шараларды әзірлегені үшін жоғары бағаға ие болды. Жұмыс құқық бұзушы тұлғасын кешенді зерделеуге, оңалту бағдарламаларының тиімділігін талдауға және ресоциализацияның халықаралық тәжірибесіне негізделген.

Ұсынылған ақпараттық-талдамалық шолу практикалық бағыттылығымен ерекшеленіп, профилактика жүргізудің әдістемелері мен алгоритмдерін қамтиды және оны оқу процесінде де, Қазақстан Республикасы ІІМ ҚАЖК қызметкерлерінің күнделікті қызметінде де тиімді қолдануға болады.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон:
+7 (778) 555-25-15
Email:
7340114@prokuror.gov.kz