Қызылордада «Заң мен тәртіп» қағидатын енгізу бойынша көшпелі тренинг басталды

2026 жылғы 2 наурызда Қызылорда қаласында «Заң мен тәртіп: кешенді профилактика және прокурордың коммуникативтік дағдылары» атты көшпелі семинар-тренинг өз жұмысын бастады.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы бастамасымен ұйымдастырылды. Оқытуға прокуратура қызметкерлері мен өңірдің құқық қорғау органдарының өкілдері қатысуда.

Қызылордада тренинг өткізу заңдылықты нығайту, прокурорлардың кәсіби құзыреттерін дамыту және қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатына негізделген орнықты мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады. Бұл – Академияның өңірлердегі көшпелі іс-шаралар циклының жалғасы. Бұған дейін осындай кездесулер Алматы және Түркістан қалаларында өткен болатын.

Тренингті Академия ректоры Нұрғалым Әбдіров ашты. Ол өз сөзінде «Заң мен тәртіп» қағидаты декларативті ұран емес, құқық үстемдігіне, әділдікке және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сеніміне негізделген күнделікті басқарушылық практикаға айналуы тиіс екенін атап өтті.

Бағдарлама аясында қатысушылар формалды есептіліктің орнына тәуекелге бағдарланған аналитиканы енгізу, ведомствоаралық үйлестіруді дамыту, қауіптерді ерте анықтаудың цифрлық құралдарын пайдалану, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, коммуникативтік дағдыларды, күйзеліске төзімділікті және қақтығыстарды басқару қабілеттерін жетілдіру мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ 2026 жылғы 2 наурызда күшіне енген «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» жаңа Заңды іске асыруға, прокуратура, полиция, жергілікті атқарушы органдар, білім беру жүйесі және азаматтық қоғам институттары арасындағы өзара іс-қимылдың бірыңғай жүйесін қалыптастыруға ерекше назар аударылды.

Сапар барысында Қызылорда облысының прокуратурасы әзірлеген өңірлік профилактикалық кейс – «Adal bala» цифрлық білім беру платформасы таныстырылды.

Жоба оқушылардың құқықтық және медиа сауаттылығын қалыптастыруға, интернет желісінде қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамытуға, буллинг, киберзорлық-зомбылық, құмар ойындарға тарту және өзге де деструктивті құбылыстардың алдын алуға бағытталған.

2025 жылғы қазаннан бастап платформа өңір мектептерінде сынақтан өткізіліп, қазіргі уақытта шамамен 300 білім беру ұйымын қамтып отыр.

Академия аталған жобаны Қызылорда облысының жүйелі профилактикалық жұмысының оң тәжірибесі ретінде еліміздің басқа өңірлеріне кеңінен таратуға ниетті.

Аталған бастамаларды іске асыру кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейтудің және қоғамда орнықты құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызды элементі ретінде қарастырылады.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон:
+7 (778) 555-25-15
Email:
7340114@prokuror.gov.kz