Мәжіліс депутатының құқық қорғау органдарының болашақ қызметкерлерімен кездесуі

11 желтоқсанда Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смолякованың алғашқы кәсіптік даярлық тыңдаушыларымен кездесуі өтті. Диалог мемлекеттілікті нығайтудағы және заманауи құқықтық мәдениетті дамытудағы жастардың рөлін талқылауға арналған мазмұнды алаңға айналды.

Кездесуге Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Кадрлық жұмыс департаментінің басшысы Аида Әнуар, Академия проректоры Маралбек Ешімов және профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты.

Екатерина Смолякова болашақ прокурорлар кәсіби дайындықты патриоттық сананың жоғары деңгейімен ұштастыруы керектігін атап өтті. Ол ел Тәуелсіздігін сақтау, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және азаматтық ұстанымды дамытудағы тыңдаушылардың жеке жауапкершілігінің аса маңыздылығы туралы айтты.

Тыңдаушылар талқылауға аса қызығушылық танытып, оған белсенді қатысты. Олардың сұрақтары құқық қорғау саласын реформалаудың негізгі бағыттарына қатысты болды, оның ішінде сервистік модельді дамыту, «Заң мен Тәртіп» идеологиясын тиімді ілгерілету, «Адал азамат» құндылықтарын енгізу және «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын іске асыру, сондай-ақ кәсіби әдепті қатаң сақтау мәселелері қамтылды. Жас мамандардың кәсіби және мансаптық өсуі үшін жасалған жағдайларға ерекше назар аударылды.

Соңында Академия басшылығы депутатқа болашақ кадрларды даярлау мәселесіне көңіл бөлгені үшін шынайы алғысын білдірді.