Құқық қорғау органдары академиясының Испания Елшісімен және EU-ACT жобасының өкілдерімен кездесуі

2025 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында Испания Корольдігінің Елшісі Луис Франсиско Мартинес Монтеспен, Еуропалық Одақ өкілдерімен және EU-ACT жобасының командасымен кездесу өтті.

Ректор Нұрғалым Әбдіров Академия қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырып, оқу орнының жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік хаб және Орталық Азия елдері үшін мамандар даярлау орталығы ретіндегі рөлін атап өтті.

Испаниямен ынтымақтастыққа да ерекше назар аударылды. EU-ACT сарапшылары қазақстандық құқық қорғаушыларды OSINT әдістеріне, цифрлық криминалистикаға және террористік белсенділікті бақылауға үйретеді, бұл қызметкерлердің біліктілігін айтарлықтай арттырады және өңірдің қауіпсіздігін нығайтады.

Тараптар киберқауіптердің өсуі, онлайн-радикализация және трансұлттық террористік желілердің қызметін талқылап, бірлескен талдамалық және ағартушылық жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша ғылыми зерттеулерді, цифрлық құзыреттерді және құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін практикаға бағдарланған тренингтерді дамыту саласындағы әріптестікті кеңейтуге дайын екендік расталды.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон:
+7 (701) 512-64-30
Email:
7340104@prokuror.gov.kz