Астанада Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің қолдауымен Құқық қорғау органдары академиясымен бірлесіп ұйымдастырған облыстық прокуратура өкілдеріне арналған екі күндік оқыту тренингі аяқталды.
Іс-шараның мақсаты прокуратура органдарының қызметін ақпараттық сүйемелдеуді жүзеге асыратын қызметкерлердің кәсіби құзыреттерін жетілдіру, сондай-ақ қарқынды дамып келе жатқан медиа орта жағдайында олардың жұмыс сапасын арттыру болып табылады.
Тренинг барысында қатысушылар ашықтық пен жариялылықтың заманауи стандарттарымен, дәйексіз және тексерілмеген ақпараттың таралуын болдырмау тетіктерімен, сондай-ақ түрлі жағдайларда, оның ішінде дағдарыс жағдайында бұқаралық ақпарат құралдарымен тиімді өзара іс-қимыл жасау тәжірибесімен танысты.
Практикалық тапсырмаларға ерекше назар аударылды: дағдарыстық коммуникациялық матрицаларды қалыптастыру, ресми хабарламаларды жедел дайындау дағдыларын пысықтау, ақпараттық өрісті бақылау және визуалды материалдарды дайындау үшін жасанды интеллект құралдарын қолдану.
Оқыту іс-шарасының қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды, сондай-ақ жұмыста одан әрі пайдалану үшін әдістемелік материалдар берілді. Өткізілген тренинг прокуратура органдары өкілдерінің кәсіби дайындығын нығайтуға және қазіргі заманғы талаптар мен технологияларды ескере отырып, олардың коммуникациялық қызметін жетілдіруге ықпал етті.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (701) 512-64-30
Email: 7340104@prokuror.gov.kz


