Шымкент қаласында Академия заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілетуді талқылады

2025 жылғы 21 қарашада Шымкент қаласының прокуратурасында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Нұрғалым Әбдіров өңірлік құқық қорғау органдарының басшыларымен жұмыс кездесуін өткізді. Талқылаудың басты тақырыбы қоғамда «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын насихаттау және құқықбұзушылықтардың алдын алу саласында практикаға бағдарланған тәсілдерді енгізу болды.

Отырыс барысында ректор Академияның жобалық қызметінің негізгі бағыттарын, соның ішінде өңірлік бастамаларға ғылыми-сараптамалық қолдау көрсетуді, алгоритмдер мен оқу материалдарын әзірлеуді таныстырды. Ведомствоаралық ынтымақтастық пен алдын алу саласындағы мамандарды даярлау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Бұл жергілікті жердегі мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Цифрлық және трансұлттық есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл үшін қолданылатын Crypto Trace («Карбон») жобасы аясындағы тергеу әдістемесі жеке блок ретінде қарастырылды. Қылмыстық процесте аналитикалық құралдарды, цифрлық трассировканы және заманауи алгоритмдерді қолдану тәсілдері талқыланды.

Талқылау аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бағыты болып табылатын құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін арттыру жөніндегі жобалық бастамалар мен кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу мәселелері қозғалды.

Соңында Нұрғалым Әбдіров бүгінде өңірдің прокуратура органдарында қызмет етіп жүрген Академия түлектерімен жеке кездесу өткізді. Кәсіби даму, Академияның заманауи бастамаларын практикалық қызметте қолдану және кадрлық әлеуетті нығайту мәселелері талқыланды.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон:
+7 (701) 512-64-30
Email:
7340104@prokuror.gov.kz