Сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған тұлғаларды қорғау мәселелері бойынша Академиядағы дөңгелек үстел

2025 жылғы 7 тамызда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының базасында сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары туралы ақпарат берген азаматтарды қорғау мәселелеріне арналған «Вьюпоинт» форматы бойынша дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға ғалымдар мен практик мамандар, соның ішінде прокуратура, қаржылық мониторинг және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Негізгі баяндамамен АҚШ-тың Иллинойс штатындағы Батыс Иллинойс университетінің профессоры Владимир Сергевнин сөз сөйледі. Ол «Сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған тұлғаларды қорғау: тиімді қолдану тетіктері (Иллинойс штатының мысалында)» тақырыбында баяндама жасады.

Талқылау барысында азаматтардың сыбайлас жемқорлық фактілерін әшкерелеуге бағытталған белсенділігін қолдау мен қорғау жүйесін жетілдіруге қатысты бірқатар ұсыныстар қаралды. Халықаралық тәжірибені Қазақстан Республикасының заңнамасы мен құқық қолдану практикасына бейімдеудің маңыздылығы атап өтілді.

Қатысушылар айтылған идеялар мен бастамалар сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған азаматтарды құқықтық және институционалдық тұрғыдан қолдауға септігін тигізетініне сенім білдірді.

Іс-шара қорытындысы бойынша дөңгелек үстелдің ұсынымдарын жариялау жоспарлануда.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон:
+7 (701) 512-64-30
Email:
7340104@prokuror.gov.kz