Астанада адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық диалог өтті

2025 жылғы 30 шілдеде Астанада адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған ұлттық диалог өтті. Іс-шара Адам саудасына қарсы күрес жөніндегі халықаралық күнге орай ұйымдастырылды.

Кездесуді Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Марат Сексембаев ашып, бұл мәселені шешуде жүйелі және ведомствоаралық тәсілдің маңыздылығын атап өтті.

Қонақтарды Қазақстандағы Халықаралық көші-қон ұйымы миссиясының басшысы Серхан Актопрак және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Тастемир Абишев құттықтады.

Диалогтың негізгі бөлімінде 2020 жылы жүргізілген зерттеудің нәтижелері және адам саудасының құрбандарын анықтау мен аталған қылмыстарды тергеу жөніндегі ұсыныстарды іске асырудың аралық нәтижелері талқыланды. 2020–2025 жылдардағы нақты жетістіктер мен ынтымақтастықтың жаңа бағыттарына ерекше назар аударылды.

Баяндамалармен Халықаралық көші-қон ұйымының ұлттық бағдарламалық офицері Алия Белоносова, Академия кафедрасының меңгерушісі Жанар Сейтаева, Халықаралық көші-қон ұйымының халықаралық сарапшылары Виталий Касько мен Ханна Антонова, сондай-ақ «Қорғау» дағдарыс орталығының басшысы Анна Рыль сөз сөйледі.

Қатысушылар ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдірудің, құрбандардың құқықтарын қорғаудың және құқық қорғау органдары әлеуетін нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Диалог қорытындысы бойынша үйлестіруді дамыту, озық тәжірибелерді тарату және мамандар даярлау тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірленді. Академия адам саудасына қарсы іс-қимылды күшейту мақсатында жүйелі жұмысты және серіктестік байланыстарды дамытуды жалғастырады.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон:
+7 (701) 512-64-30
Email:
7340104@prokuror.gov.kz