Академияда қылмыстық саясат пен адам құқықтарына арналған Халықаралық ғылыми семинар өтті

Құқық қорғау органдары академиясында магистранттар мен докторанттарға арналған «Қылмыстық саясат және адам құқықтары: қазіргі заманғы тәсілдерді талдау» тақырыбында Халықаралық ғылыми семинар өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орайластырылды және заңдылықты нығайтуға, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мен адам құқықтарын қорғауға бағытталған мемлекеттік саясаттың негізгі бағдарларын көрсетеді. Семинар барысында «Заң мен тәртіп» идеологиясы рухында әділдік пен құқықтық тұрақтылық қағидаттарын іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Белгілі отандық және шетелдік ғалымдар мазмұнды баяндама жасады. Олардың қатарында Беларусь мемлекеттік университеті Заң факультетінің Криминалистика кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Вячеслав Шабанов, сондай-ақ В.Ф. Яковлев атындағы Орал мемлекеттік заң университетінің П.М. Давыдов атындағы Сот қызметі және қылмыстық процесс кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы, доцент Юрий Козубенко бар.

Шақырылған сарапшылар қылмыстық құқық пен қылмыстық процесс мәселелеріне заманауи көзқарастарды ұсынып, сот төрелігі жүйесінде адам құқықтарын сақтаудың өзекті мәселелерін талқылады және жаһандық сын-қатерлер жағдайында қылмыстық саясатты дамытудың басым бағыттарын белгіледі.

Жас ғалымдар, оның ішінде Академияның магистранттары мен докторанттары талқылауға белсенді қатысты, өз зерттеулерінің нәтижелерін ұсынды және өздерінің ғылыми жобаларын одан әрі дамыту үшін сарапшылардан құнды ұсыныстар алды.

Мұндай іс-шараларды өткізу ғылыми әлеуетті нығайтуға, академиялық ынтымақтастықты дамытуға және құқықтық мәдениет принциптерін ілгерілетуге көмектеседі.