Болашақ құқық қорғаушылар көкжиегін кеңейтуде: Қаржылық мониторинг агенттігінің басшылығымен кездесу

Құқық қорғау органдары академиясының алғашқы кәсіби даярлығының тыңдаушылары оның төрағасы Дмитрий Малаховтың шақыруымен Қаржылық мониторинг агенттігіне барды. Бұл кездесу олардың кәсіби қалыптасуындағы және елдің экономикалық қауіпсіздігінің негізгі мәселелерін терең түсінудегі маңызды кезең болды.

Іс-шара барысында Дмитрий Малахов құқық қорғау органдарының болашақ қызметкерлерін қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың өзекті бағыттарымен таныстырды. Сондай-ақ экономикалық және қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және тергеу шараларына назар аударылды, бұл тыңдаушыларға ведомство жұмысының практикалық жағын жақсы түсінуге көмектесті.

Агенттіктің қызметімен тікелей танысу мүмкіндігі ерекше маңызды болды. Кездесуге қатысушылар экономикалық тергеу қызметінің Қазақстанның қаржы жүйесінің құқықтық тәртібі мен тұрақтылығын қалай қамтамасыз ететінін көрді.

Д.Малахов болашақ қызметкерлердің қаржылық мониторинг органдарында қызмет етуді таңдағаны үшін алғысын білдіріп, олардың кәсіби қызметте қабылдайтын шешімдері адамдардың өміріне әсер ететінін атап өтті. Ол табысты оқу мен мансаптық өсуді тілей отырып, тыңдаушыларды абыроймен қызмет етуге шақырды.

Академия ректоры Марат Сексембаев Агенттік төрағасына осындай маңызды іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді. Ол мұндай кездесулер тыңдаушылар үшін оқуда жоғары нәтижелерге қол жеткізуге және қоғам игілігі үшін қызмет етуге дайындықты қалыптастыруға көмектесетін маңызды мотивация көзі болып табылатынын атап өтті.

 Қаржылық мониторинг агенттігінің басшылығымен кезекті кездесу құқық қорғау органдары мен білім беру мекемелерінің жаңа буын мамандарын даярлаудағы ынтымақтастығының жарқын үлгісі болды.

Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі