2024 жылғы 12-16 тамыз аралығында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында азаматтық жоғары оқу орындары мен Академияның профессор-оқытушылар құрамы арасындағы академиялық ұтқырлыққа бағытталған бірегей оқиға өтті. Қазақстанда алғаш рет осындай форматта ұйымдастырылған бұл іс-шара азаматтық жоғары оқу орындары мен Академияның заң факультеттерінің оқытушыларын оқу процесін ұйымдастыруда озық әдістемелер мен практикалық білімдермен алмасу үшін біріктірді.
Бағдарламада дәрістер мен практикалық сабақтардан бастап іскерлік ойындар мен алқабилердің қатысуымен сот процестерін модельдеуге дейінгі әртүрлі іс-шаралар болды.
Бірінші күн салтанатты ашылудан және Академияға экскурсиядан басталды, онда қатысушылар инфрақұрылыммен, соның ішінде сот залы, кітапхана, спорт залы, тир, киберорталық және прокурорлық полигонмен танысты. Келесі күндері оқытушылар азаматтық жоғары оқу орындары мен Академия өкілдері өткізетін практикалық сабақтарда тәжірибе алмасты. Сабақтар сотқа дейінгі тергеудің заңдылығын қадағалау және ақпараттық жүйелерді пайдалану сияқты көптеген тақырыптарды қамтыды.
Кездесудің шарықтау шегі дөңгелек үстелдер болды, онда қатысушылар атқарылған жұмыстардың нәтижелерін талқылады, пікір алмасты және одан әрі ынтымақтастық үшін ұсынымдар әзірленді. Бағдарлама аяқталғаннан кейін барлық қатысушылар академиялық ұтқырлықты дамытуға қосқан үлестерін растай отырып, тиісті сертификаттар алды.
Осы бірегей жобаның табысы заң саласында мамандар даярлаудың жоғары стандарттарын қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның ведомстволық және азаматтық жоғары оқу орындары арасындағы одан әрі ынтымақтастықтың берік негізін қалайды.
Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі