Құқық қорғау органдарының біліктілігін арттыру: Жоғары лауазымды сыбайлас жемқорлықты тергеу бойынша тренинг

2024 жылғы 2-4 шілде аралығында Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің ғимаратында жоғары лауазымды сыбайлас жемқорлық қылмыстарды анықтаудың заманауи әдістеріне, тергеу тактикасына және қылмыстық жауаптылыққа арналған тренинг өтті. Бұл оқыту іс-шарасын Құқық қорғау органдары академиясы бастамашылық етті және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы желі (ACN) жобасының қолдауымен ұйымдастырылды.

Тренингтің мақсаты Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша қойған міндеттеріне сәйкес құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық әрекеттерін анықтау мен қылмыстық қудалаудың тиімділігін арттыру болды.

Италия, Литва және Украинадан келген халықаралық сарапшылар қатысушыларға жоғары лауазымды сыбайлас жемқорлықты жанама дәлелдеу әдістері мен әртүрлі құралдарды қолдана отырып тергеу әдістері туралы айтып берді.

Тренингке қатысушылардың назарын сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстық істер бойынша халықаралық ынтымақтастыққа арналған сессия аударды. Белсенді пікірталастар барысында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша халықаралық ынтымақтастықтың озық тәжірибелерін енгізу және трансшекаралық тергеу үшін бірлескен тергеу топтарын пайдалану мәселелері талқыланды. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі қазақстандық құқық қорғаушылар үшін Еуроюстпен ынтымақтастықтың мүмкіндіктері мен артықшылықтары туралы мәселені   көтерді.

Жыл соңына дейін Құқық қорғау органдары академиясы ЭЫДҰ Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы желі жобасымен бірлесіп активтерді қайтару мәселелеріне арналған тағы бір семинар өткізуді жоспарлап отыр.

 

Академияның
баспасөз қызметі