Прокурорлар азаптау туралы қылмыстық істерді тергеуде біліктілігін арттырды

Бүгін Құқық қорғау органдары академиясы прокуратура органдарының қызметкерлері үшін «Азаптау туралы қылмыстық істер бойынша тергеу және қадағалауды ұйымдастыру дағдыларын дамыту» тақырыбында біліктілікті арттырудың апталық курсын аяқтады.

Академия әзірлеген бұл курс прокурорлардың азаптау туралы қылмыстық істерді тергеу және қылмыстық процеске қатысушылардың конституциялық құқықтарының сақталуын қадағалау дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Прокурорлардың азаптауды қолдану фактілерін, сондай-ақ басқа да қатыгез немесе адамның қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынасты анықтау, жедел әрекет ету және жою қабілеттерін қалыптастыруға басты назар аударылады.

Курсқа қатысушылар пенитенциарлық мекемелерде азаптаудың алдын алу және осы санаттағы істерді сапалы тергеуді қамтамасыз ету үшін қажетті білім мен дағдыларды алды. Бұл адам құқықтарын қорғау деңгейін едәуір арттыруға және қылмыстық процесте заңдылықты нығайтуға мүмкіндік береді.

Оқу қорытындысы бойынша тыңдаушыларға тиісті сертификаттар табысталды.

Осындай курстарды өткізу құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсібилігін нығайтуға және олардың азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал ететініне сенімдіміз.

 

Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі