2024 жылғы 11 маусымда Венада (Австрия) Орталық Азиядағы киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл бойынша әлеуетті дамытуға бағытталған ЕҚЫҰ-ның өңірлік жобасы бойынша қорытынды конференция өтті. Конференцияға Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Марат Сексембаев қатысты.
Конференцияда 2019 жылдан 2024 жылға дейін жүзеге асырылған жоба бойынша жетістіктер мен қорытындылар талқыланды. Конференцияға киберқылмыстарға қарсы тұру әдістері туралы төрт сессия кірді.
Марат Сексембаев екі сессияда баяндама жасап, ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтудың, Орталық Азия елдерінің құқық қорғау органдары арасында тиімді ынтымақтастық үшін жаңа әдістер мен стратегияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті. Ол сондай-ақ кадрлардың біліктілігін арттырудың, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін киберқауіпсіздік саласында оқытудың маңыздылығын атап өтті. Жаһандық деңгейде киберқылмыстарға қарсы іс-қимылдың озық технологиялары мен құралдарын қолдануға және осы саладағы серіктес ұйымдармен және елдермен халықаралық ынтымақтастықты күшейту қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Жалпы, өңірлік жоба Қазақстанның құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби даярлық деңгейін арттыруға белгілі бір үлес қосты. Құқық қорғау органдарының 786 қызметкерінің қатысуымен 27 оқыту іс-шарасы өткізілді. Олар цифрлық дәлелдемелермен жұмыс істеу дағдыларын алды, ақпараттық-коммуникациялық технологиялармен байланысты қылмыстарды тергеу ерекшеліктерін білді.
ЖОО-ның ректоры одан әрі ынтымақтастық шеңберінде бастамалар ретінде құқық қорғау органдары қызметкерлерін киберқылмыстарды ашу және тергеу IT-дағдыларына оқытумен қамтуды кеңейту қажеттігін айтты. Сондай-ақ осы жұмысқа жасанды интеллект мүмкіндіктерін белсенді түрде енгізу ұсынылды.
Конференция аясында қатысушылар 2024 жылғы 12 маусымда Будапешттегі (Венгрия) Еуропалық полиция колледжіне (CEPOL) барып, колледждің білім беру бағдарламаларымен танысты, әрі Орталық Азия өңірінің құқық қорғау органдары қызметкерлерін оқыту және олардың біліктілігін арттыру саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Конференцияға қатысу Қазақстан өкілдеріне өз тәжірибелерімен бөлісуге және үздік халықаралық тәжірибелерді зерделеуге мүмкіндік берді, бұл Орталық Азиядағы киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл әлеуетін одан әрі дамытудағы қосымша қадам болады.
Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі