Биылғы жылдың 4-6 маусымы аралығында Құқық қорғау органдары академиясының қызметкерлері Баку қаласында өткен «Түркі мемлекеттерінің құқық қолдану қызметіндегі цифрландыру және конвергенция» халықаралық конференциясына қатысты. Іс-шараны Әзербайжан Республикасының Әділет министрлігі мен Бас прокуратурасы сот-құқықтық дайындықтың түркі желісі аясында ұйымдастырды.
Сот-құқықтық дайындықтың түркі желісі 2022 жылғы 12 желтоқсандағы Ыстамбұл өзара түсіністік туралы меморандумның негізінде құрылды және оған түркі мемлекеттерінің ұйымына кіретін елдердің атынан өкілдік ететін 11 бейінді оқу орны кіреді.
Конференция аясында сот және прокурорлық жүйелерде электрондық ақпараттық технологияларды пайдалану, түркі елдерінің азаматтық заңнамасын талдау және жетілдіру, судьялар мен прокурорларды даярлау саласындағы ғылыми зерттеулер, сондай-ақ білім беру процесін ұйымдастырудағы электрондық технологиялардың рөлі мәселелері бойынша панельдік сессиялар мен пікірталастар өтті.
Қатысушылар цифрлық технологияларды құқық қолдану қызметіне интеграциялаудың заманауи тәсілдерін талқылады және сот жүйесі мен прокуратура қызметкерлерін даярлау үшін оқу бағдарламаларын жақсарту бойынша тәжірибе алмасты.
Конференция түркі сот-құқықтық дайындық желісіне қатысушы елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайту және бірлескен бастамаларды дамыту алаңына айналды.
Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі