Қазақстанның құқық қорғаушылары киберқылмысқа қарсы күресті үйренді

21-24 мамыр аралығында Құқық қорғау органдары академиясы ЕҚЫҰ Хатшылығының қолдауымен «Киберқылмысқа кіріспе және цифрлық дәлелдер» тақырыбында кезекті семинар-тренинг өткізді.

Семинар барысында прокуратура, ішкі істер, қаржы мониторингі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының қызметкерлері цифрлық дәлелдемелердің сипаттамалары мен көздерін, сондай-ақ оларды табу және алу тәртібін зерделеді. Цифрлық дәлелдемелермен байланысты қылмыстар болған жерлерде тергеу әрекеттерін дайындау және жүргізу әдістері қаралды.

Жаттықтырушылар цифрлық дәлелдемелерді пішімдеу, зарарсыздандыру, шифрлау және хэштеу, сондай-ақ дәлелдемелер көздерін анықтау үшін онлайн тергеу жүргізу тақырыптарын қамтитын практикалық жаттығулар өткізді. Қорытындылай келе, алынған дағдыларды бекіту үшін қатысушылар цифрлық дәлелдемелерді табу және дұрыс алу мақсатында жасанды тінту жүргізді.

Молдова сарапшылары мен Академияның профессорлық-оқытушылық құрамы қатысушылармен өз тәжірибелерімен және білімдерімен бөлісті.

Құқық қорғау органдары академиясы барлық қатысушыларға алғыс білдіреді және киберқылмыспен күрес саласындағы одан әрі жемісті ынтымақтастыққа үміттенеді.

Құқық қорғау органдары Академиясының
баспасөз қызмет