Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Марат Сексембаев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті отырысының жұмысына қатысты.
Отырыс есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың таралуына қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама мен құқық қорғау практикасының проблемалық мәселелеріне арналған.
Қатысушылар қатарында Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Ішкі істер министрлігінің, Қаржы мониторингі агенттігінің, Сот әкімшілігінің, Денсаулық сақтау министрлігінің, ғылыми қоғамдастықтың өкілдері, сондай-ақ өңірлік мәслихаттардың депутаттары болды.
Баяндама жасаған М.Сексембаев Қазақстанды есірткіні тұтыну бойынша алғашқы ондыққа (8-орын) орналастырған World Population Review талдамалық барлау қорытындыларын келтірді.
Мәселенің ауырлығын елімізде жойылған есірткі зертханаларының (2023 жылы — 75), тәркіленген прекурсорлар (100 тонна) мен синтетикалық есірткілердің (1 тоннадан астам) саны куәландырады.
Ректор синтетикалық есірткі өндірісінің жоғары рентабельділігі мен салыстырмалы жеңілдігі Қазақстандағы есірткі зертханалары желісінің кеңеюіне нақты қауіп төндіретінін атап өтті.
Қарсы тұру шаралары ретінде М.Сексембаев елге әкелінетін есірткі өндірісінде пайдаланылуы мүмкін химиялық заттар мен жабдықтарды мониторингтеу жөніндегі Таргетинг орталық құру идеясын айтты.
Осыған ұқсас орталықтар АҚШ пен Литвада жұмыс істейді, олар күдікті жүктер, көлік және олардың иелері туралы деректерді шекарадан өткен сәттен бастап жинайды және талдайды.
Мониторингтің түпкі мақсаты – мемлекетке әкелінген прекурсорлар мен жабдықтар есірткі өндіру үшін емес, заңды мақсаттар үшін пайдаланылатынына көз жеткізу.
Қазіргі уақытта Академия Бас прокуратурамен және мүдделі органдармен бірлесіп осы ұсынысты іске асыру мәселесін талқылауда.
Бұл ретте заттар мен жабдықтардың бақыланатын түрлерінің нақты тізбесін айқындауға, сондай-ақ кедендік тексеру кезінде азаматтар үшін артық қолайсыздықтар туғызбай оларды тіркеу процесін автоматтандыруға баса назар аударылады.
Сонымен қатар, Ректор есірткі өндіретін зертханаларды ұйымдастыруға жауапкершілікті қатаңдату және осы норманы Қылмыстық кодекстің жеке бабына бөліп шығару бойынша заңнамалық түзетулер ұсынды. Бүгінгі таңда зертхана жағдайында есірткі өнімдерін өндіруге есірткіні сатудың бір фактісімен бірдей жауаптылық қарастырылған жағдай негіз болып табылады.
Отырыс барысында қатысушылар нашақорлықтың және психотроптық заттардың заңсыз айналымының алдын алудың бірқатар проблемалық мәселелерін талқылауға шығарды. Оларды шешу бойынша ұсыныстар әзірленді.
Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі