Бүгін Құқық қорғау органдары академиясында интернет желісіндегі есірткі қылмысын анықтауға және есірткі табыстарын заңдастыру процестерін тергеуге арналған бір апталық симуляциялық тренинг аяқталды.
Тренинг бағдарламасы қызметкерлерге онлайн есірткі саудасымен және онымен байланысты ақшаны жылыстатумен күресудің ең жаңа әдістерін үйретуге бағытталған бірқатар практикалық жаттығулар мен жағдайларды модельдеуді қамтыды.
Тренинг есірткі трафигімен және ақшаны жылыстатумен күресудің негізгі аспектілерін, соның ішінде озық технологиялар мен стратегиялық тәсілдерді қолдануды қамтыды. Тренингке қатысушылар БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы, АҚШ елшілігінің халықаралық есірткіге қарсы күрес және заңдылықты сақтау бөлімі (INL), ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар Офисі және Kazdream IT холдингі сияқты серіктестермен халықаралық ынтымақтастықтың арқасында осы саладағы өз білімдері мен дағдыларын тереңдетуге мүмкіндік алды.
Іс-шараға Алматы, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарының прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер және қаржы мониторингі органдарын қоса алғанда, әртүрлі ведомстволардан 26 өкіл, сондай-ақ Бас прокуратураның орталық аппаратының қызметкерлері қатысты.
Симуляциялық тренинг құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби дағдыларын нығайтудағы маңызды қадам болды және есірткі қылмысына қарсы күрес саласындағы заманауи сын-қатерлер мен қауіптер туралы хабардарлықты арттыруға ықпал етті.
Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі