«Үздік баспа басылымы» Халықаралық конкурсында Құқық қорғау органдары академиясы Ведомствоаралық ғылыми-зерттеу институтының «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердегі прокуратураның мәртебесі» монографиясы «Үздік монография» номинациясы бойынша 1-дәрежелі дипломмен марапатталды.
Конкурсты ұйымдастырушы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы.
Монографияда ТМД елдеріндегі прокуратура қызметінің нормативтік-құқықтық негіздері ашылып, мемлекеттік органдар арасындағы прокуратура органдарының құқықтық мәртебесінің ерекшеліктері көрсетілген. Ғылыми жұмыстың бір бөлімі прокурорлық функциялардың иерархиясын, мазмұнын және шектерін анықтауға арналған. Прокуратураның өкілеттіктері, оларды құқық қорғау тәжірибесінде жүзеге асыру тетіктері мен нысандары да қамтылған.
Ең тиімді тәжірибелерді алу мақсатында ТМД елдерінің тәжірибесін пайдалану бойынша ұсыныстар көрсетіледі.
Халықаралық байқаулардағы жүлделер Академияның ғылыми зерттеулеріне деген сұранысты растайды.
Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі