Бүгін Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Марат Сексембаев есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының директоры Атагелді Язлыевпен кездесті.
Кездесу 2018 жылғы маусымда екі ұйым арасында жасалған есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық туралы ниет хаттамасын іске асыру шеңберінде өтті.
Сұхбаттасушылар халықаралық қауіпсіздікті нығайту, қазіргі әлемнің қауіп-қатерлерімен күресу тұрғысында екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті.
Қазақстан мен Орталық Азия құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, оқыту іс-шараларын ұйымдастыру саласындағы бірлескен жұмыстардың қорытындыларын талқылады. Атап айтқанда, есірткі қылмысынан түскен кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша бірқатар маңызды ұлттық және халықаралық тренингтердің табысты ұйымдастырылғанын атап өтті.
Соңғы бес жыл ішінде симуляциялық тренингтерде есірткі қылмысына байланысты істер бойынша қылмыстық қудалау саласында құқық қорғау және арнайы органдардың 100-ден астам қызметкері оқытылды.
Сондай-ақ, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған үкіметтік кешенді жоспарын орындау мәселелері қозғалды.
Тараптар синтетикалық есірткі құралдарын сәйкестендіру бойынша бірлескен әдістемелік ұсынымдарды дайындау және шығару, сондай-ақ ЦАРИКЦ сарапшыларын «Интернет желісіндегі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл» жаңа симуляциялық тренингінің сценарийін әзірлеушілердің құрамына қосу туралы уағдаласты.
Кездесу соңында әңгімелесушілер есірткі саудасының жаһандық қатерімен күресуге өз міндеттемелерін тағы да растады және оған қарсы іс-қимылдың тиімді стратегиясын әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Құқық қорғау органдары академиясының баспасөз қызметі