ҚХР прокурорларының Академияға сапары

Бүгін саяси бөлім бастығы Пань Ицинь бастаған Қытай Халық Республикасы Жоғарғы Халық Прокуратурасы делегациясының Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына сапары аяқталды.

Сапар аясында 27 қарашада қонақтар Құқық қорғау органдары академиясына барып, оның ғылыми-білім беру қызметінің негізгі бағыттарымен және ЖОО-ның одан әрі даму перспективаларымен танысты.

П.Ицинь Қытайда қазақстандық прокуратураның елдің халықаралық-құқықтық саясатын іске асырудағы рөлін жоғары бағалайтынын және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қазіргі әлемнің сын-қатерлеріне қарсы іс-қимыл жөніндегі стратегиялық міндеттерді шешу мақсатында өзара іс-қимыл салаларын кеңейтуге ниет білдіргетінін атап өтті.

Кездесу барысында өзара қызығушылық тудыратын ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары бойынша сындарлы әңгіме және пікір алмасу өтті.

Тараптар жасанды интеллектті дамытуға және оны білім беру процесіне енгізу мүмкіндігіне ерекше назар аударды.

Сондай-ақ биылғы жылы қол қойылған біздің Академия мен ҚХР Жоғарғы Халық прокуратурасы Мемлекеттік прокурорлар академиясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру бойынша бірлескен жұмыстың негізгі векторлары талқыланды.

Келісім прокуратура қызметкерлерін даярлау және олардың біліктілігін арттыру саласындағы әріптестікті тереңдету үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Тараптар бірлескен академиялық іс-шаралар өткізуге, ғылыми жетістіктермен және өзекті ақпаратпен, озық оқыту технологияларын енгізу тәжірибесімен алмасуға ниет білдірді.

Қол жеткізілген уағдаластықтардың маңыздылығын атап өтіп, кездесуге қатысушылар екі елдің қадағалау органдары арасындағы қатынастардың өзара іс-қимылын одан әрі дамытуға қосымша серпін беретініне сенім білдірді.


Құқық қорғау органдары Академиясының
баспасөз қызметі