Қазақстанда азаматтық тәркілеу институтын енгізу жоспарлануда

Бүгін Бас прокуратура базасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, қылмыстық кірістерді жылыстату және Қазақстанда азаматтық тәркілеу институтын енгізу мәселелеріне арналған сарапшылар үшін семинар өтті.

Оқу іс-шарасын Құқық қорғау органдары академиясы және Бас прокуратураның Халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметі Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы желі (ACN) жобасымен бірлесіп, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ), АҚШ, Армения және Литва құқық қорғау органдары қызметкерлері мен сарапшыларының қатысуымен ұйымдастырды.

Азаматтық тәркілеу — мемлекетке әртүрлі деңгейдегі шенеуніктердің заңсыз сатып алынған мүлкін мәжбүрлеп қайтаруға мүмкіндік беретін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес құралы. Егер адам табылған активтердің шығу заңдылығын растамаса, тәркілеудің бұл түрі қылмыстық іс жүргізуден тыс жүзеге асырылады.

Оқытудың басты мақсаты — сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтау мен қылмыстық қудалаудың тиімділігін арттыру, осы санаттағы істер бойынша тәркілеу шаралары мен санкцияларды қолдану.

Семинар барысында Қазақстанда азаматтық тәркілеудің заңнамалық базасын әзірлеу және қабылдау қажеттілігін тудырған практикалық және құқықтық аспектілер қаралды.

«Заңсыз сатып алынған мүлікті мемлекетке қайтару туралы» Заңды іске асырудың өзекті мәселелері, қылмыстық кірістерді айыптау үкімінсіз тәркілеу мәселелері, сондай-ақ азаматтық тәркілеу жүйесін енгізудің халықаралық тәжірибесі және оның Қазақстанда қолданылуы талқыланды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі шетелдік мамандар жиналғандарды заңсыз сатып алынған активтерді анықтау мен қайтарудың озық тәсілдерімен таныстырды.

Шетелдік тәжірибені зерттеу аясында әртүрлі юрисдикцияларда азаматтық тәркілеу тетіктерін қолдануға шолу жасалды. Осы саладағы тиімді халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз ету контекстінде озық тәжірибені зерделеу және енгізу мәселелері бойынша сараптамалық пікірталас өтті.


Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі