Интернет желісінде есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл бойынша симуляциялық тренинг

Мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалана отырып, интернет желісінде есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл бойынша халықаралық симуляциялық тренинг аяқталды.

Оқыту іс-шарасын Құқық қорғау органдары академиясы Есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық орталығымен (ОАӨАО) бірлесіп, БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы АҚШ Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Тренингке Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның құқық қорғау және арнайы органдарының қызметкерлері қатысты.

Тренингтің міндеті — тыңдаушыларға жұмыс үшін бірегей және пайдалы инновациялық бағдарламаларды игеруге, алған білімдерін іс жүзінде шебер қолдануға көмектесу.

Бір апта бойы тыңдаушылар Kazdream IT-холдингінің мамандары әзірлеген мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалану дағдыларын үйренді. Бағдарламалық өнімдерге экскурсия жүргізілді, байланыс схемаларын құрудың негізгі принциптері, пайдалану мүмкіндіктері мен мысалдары көрсетілді.

Сонымен қатар қатысушылар интернет желісінде есірткі қылмыстарын ашуда технологиялық шешімдер болып табылатын бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалану дағдыларын үйренді, атап айтқанда, телекоммуникациялық деректерді өңдеу арқылы қылмыстардың алдын алуға және болжауға бағытталған, заңды түрде ұсталған деректер арқылы тергеуді күшейту үшін тактикалық мониторинг.

Сабақтарды Құқық қорғау органдары академиясының, ОАӨАО сондай-ақ , Kazdream IT-холдингінің сарапшылары өткізді. Мамандар күш органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты күшейту үшін оқыту іс-шарасының маңыздылығын атап өтті.

 

Құқық қорғау органдары академиясының 
баспасөз қызметі