Маңызды білім беру жобасының басталуы

Қазақстанда құқық қорғау органдарына алғаш рет қызметке тұрған адамдарды алғашқы кәсіби даярлау институты енгізілді.
Енді прокуратура органдарына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке және экономикалық тергеу қызметіне түсу үшін құқық қорғау саласында жұмыс тәжірибесі жоқ мамандар құқық қорғау органдары академиясында (прокуратура үшін 1 жыл, ЭТҚ және СЖҚКА үшін 6 ай) оқудан өтуі тиіс.
Бүгін оқу аудиторияларында жаңа бағдарлама аясында алғашқы тыңдаушыларға арналған сабақтар басталды.
Үміткерлер іріктеудің барлық кезеңдерінен өтіп, түсу емтиханын тапсырды, оның қорытындысы бойынша 460 үміткердің 170-і оқуға қабылданды.
Кәсіби дайындық бағдарламасы — тұжырымдамалық жаңа білім беру өнімі. Оның басты ерекшелігі — оқытудың тереңдетілген практикалық бағдары, оқу пәндерінің мамандандырылған сипаты, бейінді ұйымдардағы тағылымдама.
Атап айтқанда, прокуратураға арналған оқу бағдарламасы қадағалаудың барлық салалары бойынша жұмыс дағдыларын игеруді көздейді. Экономикалық тергеу қызметіне түсетін тыңдаушылар жедел-тергеу жұмысын тереңдете зерттейтін болады.
Оқыту кәсіби білім мен дағдыларды толықтыруға және жетілдіруге, жеке құзыреттер мен коммуникативтік дағдыларды дамытуға бағытталған. Білім беру модульдерінің негізі-тренингтер, кейстер, имитациялар.
Мұның бәрі тыңдаушыларды жұмысқа барынша дайындауға, кәсіби бейімделуден сәтті өтуге көмектеседі.
Академияның біліктілікті арттыру тәжірибесі жобаны тиімді іске асыру, құқық қорғау қызметінің кәсіби өзегін қалыптастыру үшін базаны қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі